Шымкентте «Қала күні» мерекесі қарсаңында «AZALA Textile» фабрикасы өндірісін кеңейтті. Атап айтқанда, қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Салтанатты іс-шараға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов ұжымды алдағы мерекемен құттықтады.
–Баршаларыңызды келе жатқан қала күнімен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бүгін шырайлы Шымкент қаласының күні қарсаңында «Azala Textile» фабрикасының тігін өндірісінің кеңейтілуіне байланысты салтанатты іс шараға қатысып отырмыз.
Осы сәтті пайдалана отырып, кәсіпорын басшысына қаламыздың экономикасының дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс білдіріп, тағы да шын жүректен құттықтаймын, -деді қала әкімі.
«Azala Textile» ЖШС – Шымкент қаласындағы толық циклдегі жалғыз тоқыма комбинат. Тігін өндірісін кеңейту үшін фабрикаға қосымша 200 млн. теңге инвестиция құйып, 80-ге жуық тігін машинасы орнатылған.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын тоқыма бұйымдар, медициналық төсек-жабдықтар мен отандық құрылыс компанияларының арнайы киімдерін өндіреді.
Фабрикада әскери киім тігуге арналған «Берік» атымен белгілі болған мата әзірленіп, қазіргі уақытта халықаралық зияткерлік патенттеуден өтуде. Жаңадан өндірілген мата (камуфляж) сапасы жағынан Ресей маталарынан кем түспейді.
Қазіргі таңда «Azala Textile» фабрикасы ҚДС (мемлекеттік қорғаныс тапсырысы) бойынша Қазақстан Республикасының әскери құрылымдарының киімдеріне арналған маталарды өндіретін еліміздегі жалғыз кәсіпорын.