Шымкентте бір топ шерушілер Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау мақсатында автокөлікпен, велосипедпен қала аумағынан жүріп өтті.
Биыл 4 маусым күні Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл толды.
Атаулы күнге орай, ҚР Мемлекеттік Ту ұстаған шымкенттік шерушілер үш бағытпен жүріп өтті.
Алдымен 30 автокөлікке отырған шерушілер Төле би көшесінен шығып Ордабасы алаңында бас қосса, 30 велоспортшылар Қазыбек би көшесі арқылы олар да осы алаңға жетті. Ал үшінші топ— Ту көтерген 30 еріктілер Әйтеке би көшесінен өтіп олар да Ордабасы алаңына келді.
Шерушілер Мемлекеттік рәміздер еліміздің тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі екенін көпшілікке паш етті. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер екенін осы іс шара арқылы жеткізді.
Мерекелік іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық маслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов және депутаттар, қоғам қайраткерлері, Ауған соғысы ардагерлері, еріктілер, белсенді жастар қатысты.
Айта кетейік, іс-шараны Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырды.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.