Шымкент қаласында белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» атты тарихи-көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жаңа туындыны көпшілікпен бірге тамашалады.
Тұсаукесер жиынына қоюшы режиссер А.Сатаев, актерлер Б.Айтжанов, А.Әбдіқадыров, Е.Жолжақсынов арнайы қатысып, жаңа туындының ерекшелігін, құндылығын атап өтті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген кинотуынды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Фильм желісі Қасым ханның өмірі, билік құрған кезі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресті баяндайды. Қазақ хандығы тарихында Қасым ханның алар рөлі ерекше.
Басты рөлдерді Берік Айтжанов, Ерік Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, тағы басқа актерлер сомдайды.
Қала тұрғындары жаңа фильмді тамашалап, өнер туындысын жоғары бағалады.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген кино туынды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Фильм желісі Қасым ханның өмірі, билік құрған кезі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресті баяндайды. Фильм оқиғалары XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың 20-жылдарына дейінгі аралықты қамтиды.
Атап айтсақ, Қазақ халқының тарихындағы Қасым хан атты тұлғаның хандық құрған кезеңі мен мемлекет өркендеп, Шығыс Дешті-Қыпшақтың кең аумағына бақылау орнатылғаны туралы баяндалады. Дәл осы жылдары қазақтар дербес этникалық қауымдастық ретінде біздің аумақтан тыс жерлерге де белгілі болды. 1510 жылы Ұлытау шайқасында Қасым хан жеңіске жеткен соң оның ұлылығы, атақ-абыройы күллі Дешті Қыпшаққа тараған. Қасым ханның тұсында қазақ әскерінің саны бір деректе – 400 мың, тағы бірінде 300 мың делінсе, халық саны 1 млн-ға жетті.