Шымкент қаласының тұрғыны Ұлжалғас Керімқұловаға өткен жылы желтоқсан айында 200 АЕК (583 000 тг.) мемлекеттік грант тағайындалған. Ол 29 жасқа дейінгі санат бойынша үміткер ретінде қатысып, тиісті құжаттарын өткізіп, комиссия мүшелерінің алдында бизнес жоспарын сәтті қорғаған. Алған қаражатына әсемдік салонына қажетті бірнеше құрал-жабдық сатып алып, бүгінде қыз-келіншектерге қызмет көрсетіп, табыс тауып отыр.
— Аз ақшамен де кәсіп бастауға болады. Бастысы — ниет болу керек. Қазір осы кәсіптің арқасында аяққа нық тұрып келемін. Мұнымен тоқтап қалмақ емеспін. Кәсібімді дамытсам деген ниетім бар. Мемлекеттің қолдауына үлкен рахмет. Адам алдына мақсат қойып еңбектенсе,жоспарларыңды жүзеге асыруға болады. Барлық замандастырымды мемлекеттен қолдау алып, кәсіп ашуға шақырамын — дейді Ұлжалғас Керімқұлова.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, қайтарымсыз гранттарға өтінімдерді қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимде жүзеге асырылады. 2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде 2022 жылы Шымкент қаласы бойынша 1150 азаматқа мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша, 2021 жылға 600 адамға (200АЕК) мемлекеттік грант беру көзделген. Осы мақсатта сәуір айында жалпы қайтарымсыз мемлекеттік грнатқа 8500 қала тұрғындарынан өтінім түсті. Оның 6008–ы комиссия қарауына жолданған. 2492 азаматтың құжаттарының қате немесе жеткіліксіз болуына байланысты комиссияның қарауына жіберілмеген.