Шымкентте 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде ерекше балаларға барынша сый-сияпат көрсетіліп, мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында өткен шарада мүмкіндігі шектеулі балалардың өздері дайындаған қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Ерекше көз тартымды дүниелері көпшілікті тамсандырды. Балалар сондай-ақ, асфальтта сурет салып, қиял-ғажайып армандарын түрлі-түсті қаламдары арқылы жеткізгендей. Ісшараға қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков арнайы қатысып, бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтады.
-Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өту о бастан балалардың саулығы мен құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтуға негізделген. Ата-ана ретінде барлығымыз бүлдіршіндердің амандығын тілейміз. Сонымен қатар өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді ұмытпауымыз қажет. Өйткені бүлдіршіндердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне бірінші кезекте біз жауаптымыз,-деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков.
Балаларды қорғау күні мерекесіне ата-аналар да қатысып, қала басшысының орынбасарымен бірге орталықтың қызмет сапасын бақылады. Аралау барысында сала мамандарына жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Жалпы, орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық жағдайда әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, құқықтық қызмет түрлері көрсетіледі. Қазір мұнда 115 бала ем қабылдауда. Олардың басым бөлігі қол арбасына таңылған. Дәрігер мамандар мен әлеуметтік сала қызметкерлері орталықта аптасына 5 күн таңертеңнен кешке дейінгі уақытта түрлі емдік шараларын көрсетеді.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, Шымкент қаласында 37 337 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 6 844 -і 18 жасқа дейінгі балалар.