Шымкенттік мергендер Мария Дмитриенко мен Виктор Хасянов нысана көздеуден әлем кубогының қола жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасына сілтеме жасап Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден әлем кубогы өтуде. Жарысқа әлемнің 65 елінен 800-ден астам спортшы қатысып жатыр.
Ересектер арасындағы «Trap/Mix» аралас жаттығуының ақтық сынында шымкенттік спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, жарыстың алғашқы күнінде 10 метрден пневматикалық мылтықпен нысана көздеу сыны өтті. Іріктеу кезеңінде қазақстандық Ислам Усейнов екінші орынға табан тіреп, финалға жолдама алды. Ал бас жүлде үшін өткен сайыста отандасымыз 260,5 ұпай жинап, әлем кубогының қола жүлдегері атанды. Бұл сында хорватиялық Миран Маричич топ жарса (261.8), сербиялық Лазар Ковачевич (260.9) күміс медальға ие болды.
Мария Дмитриенко 2016 жылы Бразилиядағы XXXI-жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, жеке есепте 8-орынды иеленіп, әлемнің ең мықты 10 мергені қатарына енген спортшы.
Қазақстан құрама командасы мылтық, тапанша, трап, скит, командалық және аралас жаттығулар бойынша өз шеберліктерін көрсетуде.
Бакудегі Әлем кубогы спортшылар үшін өте маңызды жарыс. Өйткені онда рейтингті көтеру арқылы спортшылар Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы ISSF Олимпиадасында Қазақстанның намысын 3 мерген қорғап, олимпиадалық лицензия алған болатын. Олардың қатарында шымкенттік спортшылар Зоя Кравченко мен Юрий Юрков бар.