Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында 1937-38 жылдардағы репрессиядан опат болған тұлғаларды еске алуға арналған іс-шара өтті. Оған жазықсыз қудаланған жандардың ұрпақтары, жастар қатысты.
Жиынды кіріспе сөзбен ашқан тарихшы Г.Жанысбекова жиналған көпшілікке «Оңтүстіктегі жаппай қуғын-сүргін: тауқыметті тағдырлар» атты ғылыми мақалалар жинағын таныстырып болған соң, саяси қуғын-сүргін көрген азаматтардың ұрпақтарына таратылып берілді.
Тарихшы өз сөзінде 2020 жылы репрессия құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия түзілгенін және осыған орай арнайы жұмысшы тобы құрылып, нәтижелі жұмыстар атқарғанын жеткізді. Жинаққа жұмысшы тобының 9 бағыт бойынша жүргізген зерттеу еңбектері енген. Ғылыми-танымдық оқулықтың 20 данасы Әл-Фараби кітапханасына да ұсынылды. Тарихшының айтуынша, мұндай ғылыми жинақтар алдағы уақытта тың деректермен қайта жарық көрмек. Сонымен бірге баяндамашы саяси қуғын-сүргін тақырыбында ауқымды конференция өткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, іс-шарада қоғам қайраткері, қазақтың біртуар ұлы 1937-38 жылдардағы зобалаңда ату жазасына іліккен Нәзір Төреқұловтың 130 жылдығына орай «Нәзірдің жарық жұлдызы» атты деректі бейнефильм көрсетілді.
Сондай-ақ, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Г.Серікбаева арнайы баяндама жасап, музейдің атқарып отырған жұмыстары, іс-шараға келген барша азаматтарға, соның ішінде репрессия құрбаны болғандардың бүгінгі ұрпақтарына ата-бабаларының кезінде қандай айтулы кісілер болғаны жөнінде айтып берді.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі осыдан жиырма жыл бұрын ашылды. Осы бағыттағы музейдің іргесі республика көлемінде тұңғыш рет Шымкентте қаланды. Бүгінгі таңда музейде 16 350 қор бар. Яғни саяси қуғын-сүргінге ұшыраған осынша кісінің іс-құжаты жинақталған. — деді Г.Серікбаева.