Қазақ театр өнерінің қара шаңырақтарының бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 1934 жылы құрылып, театр шымылдығы алғаш Ғ.Жасақбаевтың «Заман заңы» драмасымен түрілді.
1972 жылы театрға тұңғыш режиссер, драматург, қоғам қайраткері Қазақстанның халық артисі Жұмат Шаниннің есімі берілді.
Тәуелсіз жылдар ішінде театр ұжымы көптеген халықаралық, республикалық фестивальдерде жүлдегер атанды.
Театр Стамбул қаласында өткен түркітілдес халықтарының фестиваліне, Ташкент, Әндіжан, Бішкек қалаларында өткен Орта Азия мемлекеттерінің фестивальдеріне қатысып, шеберлік алмасты.
2014 жылы театр жаңа ғимаратқа көшіріліп, салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Ғимараттың көрермен залы 500 адамға арналған, сонымен қатар, мұражайы бар.
Театрға 2015 жылы «Академиялық театр» мәртебесі берілді.
2018 жылы Шымкент қаласы — маңызы бар үшінші қала Мегаполис статусына ие болып, театр Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры болып өзгерді.
Бүгінгі күнге дейін театрда 400-ден аса қазақ және әлемдік драматургияның жауһар туындылары сахналанды. Ағымдағы репертуарда әлемдік және қазақ классикаларымен қоса бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын арқау еткен 30-дан аса қойылымдар мен балаларға арналған ертегілер бар.
Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры – кезең кедергілеріне кептелмей, сахна тарландарының өнер жолындағы сан-қилы сәттері мен тағдыр тоғысуынан тұратын театр сахнасында алып актерлер галереясын қалыптастырды.
Сахна өнеріне тер төккен режиссер, суретші, гример, бутафор сынды кәсіби сахна мамандарының еңбегімен халықтың ықыласына бөленген — киелі өнер ордасы.