Шымкент қаласындағы физика-математика NIS мектебінде де 70 оқушы домбыра сабағын өткізді. Олар Нұрғиса Тілендиевтің «Әлкисса», халықтың «Келіншек», Құрманғазының «Ақсақ киік» күйлерін орындады.
Сабақ қонағы ретінде шақырылған мектептің 12 сынып оқушысы Рахымжан Оразғалидың әкесі Нұрғали Өтешовтер домбыра тартып, шер тарқасты.
Білім ордасына келгеннен домбыраға әуес болған биылғы түлек Рамазан Нәліпбек бүгін мектеп қабырғасындағы соңғы домбыра сабағына қатысты.
– Мен осы жылы мектепті тәмамдағалы тұрмын, өзім Ресейде білімімді жалғастырамын деген ойдамын. Ол жақта жүргенде домбыра менің серігім болып, еліме деген сағынышымды күйлер арқылы басамын деп ойлаймын, – деді ол.
NIS-те биылғы оқу жылы айтулы және көптен күткен оқиға – домбыра сабағымен аяқталды, оны Гиннесс рекордтар кітабына «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен онлайн тіркеу жоспарланып отыр. Қазақ халқының басты музыкалық аспабында бір мезгілде мың оқушы ойнады.
Ең ауқымды домбыра сабағына қосымша білім беру педагогы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған дирижерлік етті. Мыңдаған оқушының орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды.
– Домбыра – әрбір қазақ үшін қасиетті аспап, ал біздің сабағымызды Гиннесс рекордтар кітабына енгізу – бұл домбыраны бүкіл әлемге паш ету, – деп атап өтті Айтжан Тоқтаған.
Guinness World Records-қа (GWR) өтінім 2021 жылдың желтоқсан айында берілді. Гиннесс рекордтар кітабының талаптары бойынша ауқымды сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалады. Әрбір 50 қатысушыны бір тәуелсіз стюард бақылап, бейнежазба аймағынан шыққан немесе қажетті әрекетті орындамаған топтағы кез-келген қатысушыны дисквалификациялау жұмысына жауапты болды. Куәгерлер GWR-дің сенімді өкілі ретінде қызмет атқарып, рекордтың орнауы мен Кітаптың барлық критерийлерінің толық сақталуын қамтамасыз етті.