Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Қонаев — ұлы тұлға» атты іс-шара ұйымдастырылды. Ең әуелі, көзкөргендер мен қаланың зиялы қауым өкілдері аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне жиналды.
Жиында сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Б.Нарымбетов ұлы тұлғаның өмір жолына, оның бүгінгі жас буынға беретін өнегесіне тоқталды.
— Дінмұхамед Ахметұлының есімі Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылған, Қазақстан атауымен біте қайнасып кеткен. Қонаев ел басқарған тұста Қазақстанда 43 қала, 68 жұмыс қалашығы бой көтерген екен. Әр қаланың құрылуы еліміздің экономикасына серпіліс әкеліп, өндіріс орындары, жаңа жұмыс орындары ашылған. Алайда, ел басқарған азаматтардың қайсыбірін алып қарасаңыз да, халықтың жадында тек экономиканы көтеруімен есте қалмайды. Қонаев есімі халық жүрегінде қарапайымдылығымен, парасаттылығымен, кемеңгерлігімен сақталып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілмек. Ал, біздің қаламыздағы Қонаев даңғылы келешекте халықаралық магистральмен байланыстыратын мегаполистің күретамырына айналмақ, — деді Б.Нарымбетов.
Кездесу барысында Д.Қонаевтың 1974 жылдан өмірінің соңына дейін жеке дәрігері болған Ахат Аминұлы да ерекше естеліктерімен бөлісті.
— Дінмұхамед Ахметұлы 1974 жылы инфаркт алған кезінде, сол кездегі Денсаулық сақтау министрлігінің VI басқармасының бастығы Евгений Чазов «Сен сарай дәрігері болуға емес, оңалту жұмыстарын жүргізуге келіп отырсың. Егер оңалту емі дұрыс жүргізілсе, әлі де жұмыс істейтін болады» деген еді. Құдайға шүкір, сол инфарктан кейін де 13 жыл ел басқарды.
Димекең ел билігіне келгенде Қазақстан Кеңес Одағы елдерінің арасында 13-ші орында болатын. Ол кісі зейнетке шығарында республиканы Одақтас республикалар арасында үшінші орынға көтерді. Ресей, Украинадан кейінгі орыннан көрінді. Ешқашан жұмысты белгілі нәтижеге жеткізбей, демалысқа шықпайтын, — дей келе, ел аралап жүрген кезіндегі қарапайымдылығын, халықтың оған деген ықыласын тілге тиек етті.
Сонымен қаттар, Алматыдан келген Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Байбол Болат Қажыақбар республикада алғашқылардың бірі болып ұлт кемеңгерінің 110 жылдығын атап өтіп отырған Шымкент қаласы әкімдігіне алғыс білдірді. Ал, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев Д.Қонаевпен кездесуін еске алып, естелігімен бөлісті.
Жиын соңында зиялы қауым өкілдері Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
«Шымкент келбеті» – Замира АЛДАБЕРГЕНОВА
Суреттерді түсірген Серік ҚОСАЕВ.