Бүгін жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті он төртінші сессиясы өтті. Отырысқа қала әкімі М.Әйтенов, шақырылымдағы депутаттар, аумақтық департамент және жергілікті атқарушы орган басшылары қатысты. Кезекті сессияның модераторы мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов болды.
Жиында күн тәртібіне сәйкес 2022-2024 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті нақтыланды. Сонымен бірге, басқарма басшылары өткен жылғы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды.
Қала әкімі соңғы жылдары мегаполистің инвестициялық қабілеттілігі артқанын айтып, одан ары жандандыру үшін инженерлік инфрақұрылыммен қамту аса маңызды екенін алға тартты.
— Қаланың 2022 жылға арналған бюджеті нақтыланып бюджет сомасы 488,4 млрд. теңгеге жетті, яғни бюджет 19,4 млрд. теңгеге ұлғайды. Қосымша қаралған қаржылар негізінен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге камераларды орнатуға, ішкі істер органдарының қызметкерлерінің қару жарағына, инфрақұрылым және ирригациялық жүйелердің құрылысына және қалпына келтіруге бағытталып отыр. Қала бюджетінің кіріс көзін ұлғайтуға ықпал ететін жер учаскелерінің базалық ставкаларын белгілеу, бағалау төлемақысының коэффициенттерін бекіту және жер салығының базалық мөлшерлемелерін түзету шешімдері қабылданды. Бірқатар кеңестің құрамы өзгертілді. Мұның барлығы қаланың дамуына және қауіпсіздігіне елеулі үлес қосады деп есептеймін. Депутаттар корпусымен бірлесіп қаламыздың өркендеу бағытында нәтижелі жұмыс атқарамыз деген сенімдемін, — деп сөзін қорытындылады.
Тікелей эфир көрсетілімі болған сессияда баяндамашыларға сұрақтар қойылды, бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды, шешімдер қабылданды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі