Әскери прокуратура органдары – әскердегі құқықтық тәртіп пен заңдылықтың сақталуын, мемлекеттегі құқықтық тұрақтылықты, азаматтардың кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қадағалайтын мемлекеттік орган болып табылады, сондай-ақ, мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
Осы мақсатта, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы КСРО Бас әскери прокурорының № 1 бұйрығының негізінде 1971 жылдың мамырында құрылып, оған Чимкент гарнизонының әскери прокуратурасы атауы берілген.
Гарнизонның әскери прокуратурасы Қазақ КСР-нің Чимкент және Қызылорда облыстарында орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелердегі заңнамалардың қолданылуына қадағалау жүргізуді, сондай-ақ қылмыс жасаған әскери қызметшілерге қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асырған.
Ал Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының жаңа тарихы егемен Қазақстанның жаңа тарихымен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 17 ақпандағы Жарлығының негізінде Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрамында әскери прокуратуралардың Басқармасы құрылған болатын.
Қазақстанның әскери прокуратуралары Басқармасының құрылымында Чимкент гарнизонының әскери прокуратурасы қалдырылып, әрі-қарай «Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы» атауына өзгертілді.
Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы қызметін жүзеге асырған сәттен бастап, оны 9 прокурор басқарған.
Егемендігін алған Қазақстанның Шымкент гарнизонындағы алғашқы әскери прокуроры лауазымына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 1992 жылы 29 қазандағы №350/6 бұйрығымен әділет полковнигі Владимир Александрович Архипов тағайындалды.
Әрі-қарай Шымкент гарнизоны әскери прокурорының лауазымында 1993-1999 жылдары әділет полковнигі Жарқынбек Жамайылұлы Есжанов, 1999-2000 жылдары әділет полковнигі Абдукамал Әшімбеков, 2000-2002 жылдары әділет подполковнигі Бекенбай Анарбайұлы Әшіров, 2002-2007 жылдары әділет полковнигі Мелдебек Мырзаұлы Әділбаев, 2007-2009 жылдары әділет полковнигі Ербол Алтынбекұлы Аппазов, 2009-2014 жылдары әділет полковнигі Қайрат Көбейұлы Әбдіқалықов, 2014-2019 жылдары әділет полковнигі Александр Николаевич Подушкин, 2019-2020 жылдары әділет полковнигі Арман Қуанышұлы Қапезов қызметтерін атқарған.
2020 жылдың маусымынан қазіргі уақытқа дейін әскери прокурордың лауазымында әділет полковнигі Бағлан Балтабайұлы Телеу қызметін атқарып келеді.
Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасында қызмет атқару көптеген жас мамандар үшін мансаптық өсудің бастамасы болып табылды.
Мәселен, бұрын гарнизон әскери прокуратурасында қызмет атқарған әділет полковнигі Алмас Серікұлы Таукебаев қазірде Бас әскери прокурордың аға көмекшісі, Аянбек Бекежанұлы Тоқсанбаев Түркістан облысының азаматтық істер бойынша сотында судьясы, әділет полковнигі Төреәлі Бәкірұлы Бәкіров Бас әскери прокуратураның мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының аға әскери прокуроры, әділет кеңесшісі Нарбек Нұртазаұлы Мықтыбаев Түркістан облысы прокуратурасының аға прокуроры лауазымдарында өз қызметтерін атқаруда. Олардың барлығы және өзге де қызметкерлер қызметтерін Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасынан бастаған.
Еліміз егемендік алған сәттен бастап, Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының прокурорлық қадағалау саласы да айтарлықтай өзгерді.
Сонымен қатар, әскери прокуратура органдарында қалыптасқан барлық дәстүрлерді сақтап, ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту және жоғары тәжірибелік біліктіліктің арқасында прокуратура органдарының профилактикалық және қадағалау қызметіне жаңа идеяларды енгізу негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, погондағы адамдар мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленуі керек.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін, соңғы 10 жыл бойы әскери басқару және қылмыстық қудалау органдары әскерде құқық бұзушылықтың алдын-алуда жұмыстар атқаруда, бірқатар бірлескен жоспарлар аяқталды, жұмыстар бірлесе үйлестірілуде. Ол жүйелік сипатқа ие болып, ең бастысы соңғы нәтижені шығаруға бағдарланған.
Бүгінгі таңда, осы іс-қимылдар құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын мұқият анықтай отырып, шынайы және жедел әрекет етудің нормасына айналды. Бұл құқық бұзушылыққа төзбеушіліктің ынтымақтастық атмосферасын құруға және әскери қызметшілердің құқықтық санасын көтеруге мүмкіндік береді.
Әскерде тәрбие, құқықтық-әлеуметтік және үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу және осы қызметті үйлестіру гарнизондағы қылмыстық азаюына өз әсерін тигізуде.
Осы міндеттерді орындау әскердің жауынгерлік даярлығы мен жауынгерлік тиімділігін нығайтуға оң ықпал жасауда
Прокуратура өз өкілеттіктерін заңдылық, басқа мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсiз болу және Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беру қағидаттарында жүзеге асырады.
Прокуратура қызметкері – заңдылықтың сақталуын, мемлекеттегі құқықтық тұрақтылықты, азаматтардың кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қадағалайтын мемлекеттік тұлға.
Осы қағидаттарға негізге алып, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Бас әскери прокуратурасының бөлімшелерінің бірі бола отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери бөлімдер мен мекемелерде заңмен жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда.
Б. Нұрмаханбетов
Шымкент гарнизоны
әскери прокуратурасының
аға прокуроры
әділет майоры