Биыл Шымкент қаласында тұрғын үйлерді модернизациялауға 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 11 тұрғын үйге ағымдағы, 25 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов «Әкім сағаты» бағдарламасында айтты.
«Тозығы жеткен үйлер реновация бағдарламасы арқылы шешімін табады. Бағдарламаның мақсаты – авариялық тұрғын үйлердің артуына жол бермеу және жаңа қалалық ортаны қалыптастыру. Оны іске асыру кезінде жайлы тұруға, демалуға және жұмыс істеуге бейімделген, аралас функциясы бар қалалық ортаның Жаңа жоспарлау құрылымын құру; энергиялық тиімді көппәтерлі тұрғын үйлерді салу, оларды пайдалану шығындарын азайту; экологиялық жағдайды жақсарту; инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және жаңғырту; Шымкент қаласының қазіргі заманғы сәулеттік келбетін қалыптастыру көзделіп отыр» — деді әкім.
Сонымен бірге, қала тұрғындарын көп қабатты тұрғын үйлерге арналған жаңа басқару жүйесіне өтуге шақырды. Жай серіктестік немесе пәтер иелерінің бірлестігін құру арқылы тұрғын үйдің тазалығын, жөндеу жұмыстарын шешіп, ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік туатынын айтты.