Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы бастау алды.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған бағдарлама 3 бағыттан тұрады.
Бірінші бағыт — Өндірістік парктер. Өндіріс саласы бойынша қалада тоқтап тұрған немесе бос тұрған ғимараттардың ішінде Өндірістік парктер құру жоспарланған. Бүгінде үлгі ретінде «Тассай» индустриялық аймағының жанынан «Silkway Alliance» өндірістік паркі іске қосылуда.
Бағдарламаның екінші бағыты – Ауылшаруашылық кооперативін құру арқылы якорлы кәсіпорындарды тиісті өніммен қамтамасыз ету.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру заман талабы. Себебі, бүгінгідей жаһандану заманында ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру үшін бұл жұмыстың маңызы зор. Кооператив ашудағы мақсат ауыл шаруашылығымен айналысатын ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіру болып табылады.
Үшінші бағыт – 1000 сауда нүктесі. Бұл ретте, «СПК «Шымкент» іске асырып жатқан 1000 сауда нүктесі жобасы аясында қаланың тығыз орналасқан жерлерінде жылжымалы және ауыстырмалы сауда нүктелерімен толықтырылуда.
Осыған дейін қарқынды жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың бірі — «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы. Енді осы жобаның аясында «Іскер қала» бағдарламасының қатысушыларына қолдау көрсететін болады. Егер, жастарға және әйелдерге максималды 10 млн.теңге 1% пайызбен несие берілсе, өндірістік парк қатысушылары және ауылшаруашылық кооперативтері 50 млн.теңгеге дейін 2% пайызбен несие ала алады. Бұл қаржыларды екінші деңгейлі банктер – Қазақстанның халық банкі, Сбербанк, Алфа банк арқылы алуға болады. Яғни, банктер 8,5% несие берсе оның 6,5% «СПК «Шымкент» субсидиялайтын болады. Субсидиялау мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін. Несиенің 50% инвестициялық бағытта және 50% айналым қаражатын толтыруға бағытталады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы