Шымкент қаласында биыл әлеуметтік портал іске қосылған болатын. Портал арқылы қашықтан техникалық көмекші және арнаулы жүріп-тұру құралдарын қамту бойынша қызмет көрсетеді.
Осы жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша порталға 5 522 өтінім қабылданып, оның 2 805-і арнайы көмекші құралдармен қамтылды (50,8%).
Сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарға 13 496 қабылданса, 11 732 өтінім мақұлданған (86,9%). Мүгедектерге арналған қол арбаға 1 158 сұраным келіп, 1 021-і қамтылды (88,2%). Ал, жеке көмекші, ымдау тілі мамандары 2 400 азаматқа қызмет көрсетілді. Есепті кезеңде 8 932 азаматтан шипажайда емделуге өтінім түсіп, 2 689 азамат жолдама алған.
– «Әлеуметтік қызметтер порталы» — мүгедек тұлғаларға тікелей жабдықтаушылардан оңалту құралдар мен қызметтерін өз еркімен сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе. Портал арқылы тек медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінің қорытындысымен тағайындалған жеке оңалту бағдарламасы бар тұлғалар тиісті оңалту құралдарына тапсырыс бере алады, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова.
Жыл басынан арнайы жабдықталған 18 «Инватакси» көлігі 1 124 ерекше жанға қызмет көрсеткен. Ал, 43 «Әлеуметтік такси» 651 мүмкіндігі шектеулі азаматқа қызмет көрсеткен.
Шымкентте 36 942 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде І-топ – 3 283 азамат, ІІ-топ – 14 817, ІІІ-топ – 12 327 ерекше азамат. Ал,18 жасқа дейінгі мүгедек бала саны — 6 515.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі