Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында, Ұлы Отан соғысы ардагерлері Атантаев Халел ақсақал мен Шаля Анна Федоровнаның үйіне барып, 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, Отан үшін от кешкен қарт майдангерлерге бүгінгі ұрпақ атынан, бейбіт өмір сыйлаған отты жылдардағы ерліктері үшін алғысын айтып, арнайы сый-сияпатын тапсырды.
Ұлы Отан соғысының ардагері Атантаев Халел атамыз 1920 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 18 жасында Орта Азия университетінің география факультетінің студенті ретінде Қызыл Армия қатарына шақырылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында 26 танк бригадасының құрамында фин, поляк, украин және жапон бағыттарындағы ұрыс қимылдарына қатысады. Соғыс аяқталғаннан кейін капитан Атантаев 1950 жылға дейін Украина мен Молдовадағы Бендеров бандаларын жоюға қатысты. «Қызыл жұлдыз» және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталған.
Сұрапыл соғыстың тағы бірі куәгері, қарт майдангер Шаля Анна Федоровна 1923 жылы 12 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Вревское ауылында дүниеге келген. 1941 жылы 18 жасында өз еркімен әскер қатарына алынған бойжеткен 1942 жылы 25 қаңтарда Сталинград маңындағы фашистік армияны талқандау кезінде Воронеж-Косторская операциясына қатысады.
1943 жылы 23 тамызда Харьков қаласы, содан кейін Курск, Киев қалаларын азат етуге қатысады. 1943 жылы 23 қазанда ол өзінің алғашқы әскери наградасы — «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Соғыс аяқталған соң, елге оралып, мектепте ұстаздық еңбек жолын бастайды. 1974 жылдың маусымынан бастап облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істейді. 1979 жылы құрметті зейнет демалысына шығады.
Ғұмырлары ерлік пен күреске толы қарт майдангерлер көрсетілген құрметке өз ризашылық көңілдерін білдіріп, келешек ұрпаққа бейбіт заман тілеп, ақ баталарын берді.