Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Абылайхан Әлібекұлының айтуынша, жалдамалы пәтерге үміткер бола алатын жастардың санаты арнайы заңмен белгіленген. 29 жасқа дейінгі тұрақты жұмысы бар және айлық табысы 40 АЕК кем емес, атында соңғы бес жылда жылжымайтын мүлік тіркелмеген, қалада тұрақты тіркеуде екі жылдан аса тұрған жастар осы бағдарлама аясында баспанаға ие болады.
– 25-27 қаңтар аралығында жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін үйлерге өтінімдер қабылданды. «shymkent-baspana.kz» ақпараттық cайты арқылы 3 648 өтініш келіп түскен. Оның 696-сы қалалық тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылды. Нәтижесінде, балл жүйесі бойынша жоғары көрсеткіштегі 300 азаматты тұрғын үймен қамту туралы шешім қабылданып, тізімдері жарияланды, — дейді спикер.
Абылайхан Балықбаевтың айтуынша, 2 952 өтінім түрлі себеппен қанағаттандырылмаған. Атап айтқанда, 105 өтінім берушінің жасы 29-дан асқан, 576-сының Шымкент қаласындағы тұрақты тіркеу мерзімі 2 жылға толмаған. Ал 2 271 тұрғынның табыс көзі 40 АЕК-тен төмен және құжаттары толық болмаған. Өткізілген құжаттардың басым бөлігінде Шымкент қаласының аумағында ғана емес, ҚР аумағында меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ екені жөніндегі анықтама дұрыс енгізілмеген. Осы орайда айта кету керек, берілген өтінімдерді қайта қарап, сайтта толықтыру мақсатында 4 ақпанда бір күнге мүмкіндік берілген еді.
– Алдағы аптада байқау жеңімпаздарымен келісімшарт түзілетін болады. Бір бөлмелі – 195, екі бөлмелі 105 пәтер бар. Бұл баспаналар Жаңа Тұрлан, Тұран және Асар-2 шағынаудандарынан беріледі. Үйдің төменгі қабаттарындағы пәтерлерді отбасы мүшелерінде І, ІІ топ мүгедектері бар немесе мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы дертпен ауыратын азаматтарға бөлу және одан кейінгі кезекте азаматтардың балл саны мен бала санына қарай орналастыру көзделіп отыр, – деді Абылайхан Әлібекұлы.
Жауапты мамандардың айтуынша, жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізген әр үміткермен келісімшарт жасалады. Қандай да бір талап бұзылса, пәтер қайтарылып алынады. Ал былтыр берілген 904 пәтердің үшеуі тұратын отбасылар екіжақты түзілген келісімшартты бұзғаны үшін сот арқылы қайтарылуда. Мамандар жалға берілген үйлерді тексеріп тұратындарын айтады. Яғни, пәтерақы уақтылы төленбеген жағдайда, үйде өзге адамдар қоныстанса, депозитке пәтердің алғашқы жарнасына тиісті қаражат жиналмаса, ескерту жасалады.