АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ БАРЛЫҚ САЛАДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР ПЫСЫҚТАЛДЫ
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісте жылу маусымына дайындық, мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілерде, БАҚ және қоғаммен байланыс мәселелері қаралып, мемлекеттік қызметтердің сапасына жүргізілген ішкі мемлекеттік бақылау қорытындысы талқыланды
Жиында Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов жылу маусымына дайындық жұмыстарын баяндады. Оның айтуы бойынша бүгінде бөлек орналасқан 26 жылу қазандығының 13-і жылу маусымына дайын. Сонымен бірге орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясының дайындығы бітсе, қалған 7 нысанда жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі таңда жылыту маусымына әзірлік шаралары қала аумағындағы 2107 көпқабатты тұрғын үйде, 469 бюджеттік мекемеде жүргізілуде. Баяндаманы тыңдаған қала әкімі сала және аудан басшыларына жылу маусымына дайындық жұмыстарын сапалы атқарып, 1-қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар халықты үздіксіз, сапалы жылумен қамту үшін өзекті мәселелерді ашық жеткізіп, дер кезінде шешім қабылдауды ескертті.
Одан әрі, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының м.а. Айгерім Жұмақұлова мемлекеттік органдардың қоғаммен байланыс мәселелері бойынша баяндама жасады. Қала басшысы мәжіліске қатысып отырған аудан әкімдері мен басқарма басшыларына азаматтармен кері байланысты күшейтіп, түсіндірме жұмыстарын сапалы, шұғыл, жүйелі жүргізуді қадағалауды тапсырды.
Ал мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Артур Даткаев жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына жүргізілген ішкі мемлекеттік бақылау шараларын қорытындылады. Оның айтуы бойынша қала әкімі аппараты және қала әкімдігіне қарасты аудан әкімі аппараттары мен басқармалары тарапынан 172 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Қала басшысы жауаптыларға құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, халыққа адал қызмет көрсетуді ескертіп, нақты тапсырмалар берді.
Жалпы жиын барысында аудандар мен барлық салада атқарылып жатқан жұмыстар пысықталып, өзекті мәселелердің шешімі қарастырылды.