Апталық барысында әр аудан тазалық жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Осы аптада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы «Өнегелі ұрпақ» апталығымен жалғасуда. Апталық барысында әр аудан тазалық жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Осы орайда Еңбекші ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Өнегелі ұрпақ» акциясы аясында қала жастары мен белсенді азаматтар қарттар үйіне барды. Қарттар үйінің ауласында белсенділер тазалық жұмыстарын жүргізіп, талдардың түптерін әктеп, өсіп кеткен шөптерді қырқып, қоқыстарды шығарды. — «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын қарттар үйінде жалғастырудамыз. Іс-шараға Еңбекші ауданы әкімдігі, жастар, студенттер атсалысуда. Дәл қазір 50-ге жуық белсенді жас ауладағы талдардың түбін әктеп, қоршауларды сырлап шықты. Мұндай тазалық іс-шарасын көрген қарияларымыз да өз ризашылықтарын білдіріп, жастармен әңгімелесіп бір жасап қалды, — деді Еңбекші ауданының жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қуаныш Серікбай. «Қазыналы қария – ақылы теңіз дария» атауымен ұйымдастырылған іс-шарада тазалау жұмыстарын жүргізу және демеушілердің есебінен қайырымдылық көмектер көрсету жұмыстары да ұйымдастырылып, қалалық мәдениет бөлімінің әншілері ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында мүмкіндігінше қаладағы көмекке мұқтаж қарттардың барлығын қамту қарастырылған. Апталық барысында қариялар мен ардагерлердің үйлеріне барып, тазалық жұмыстарын жүргізу әрі қарай да жалғаспақ.
Еске салсақ, 8 сәуірде елімізде республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған еді. Науқан бес аптаға созылып, аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты аясында іс шара іске асып келеді.
Аталған науқанға Шымкент қаласының тұрғындары да ерекше қолдау білдіріп, жұмыстарды белсенді бастап кетті.
Экологиялық акцияның алғашқы аптасында «Таза өлке» апталығы аясында қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді.