Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы Тұран ауданында жалғасын табуда. Бұл жолы жұмыс тобы «Абай» саябағын толықтай тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
«Киелі мекен» науқаны аясында тұрғындардың басым көршілігі бұл тазалық жұмыстарының алдағы уақытта жақсы нәтиже беретіндігінен үмітті. Өйткені әрбір істе жүйе болса жемісті болады дейді.
— Тазалық жұмыстарының басталғанына екінші аптаның жүзі болды. Қазірдің өзінде көптеген жұмыстар атқарылды. Басты мақсат осы акцияға тұрғындарды дәріптеу. Жастар осы шараны көргеннен кейін, өздері қоқыс тастамауға, айналаны таза ұстауға үйренеді деп ойлаймыз. Өйткені әрбір тазалық күнінде ерікті жастар үлкен үлес қосуда. Апталыққа «Киелі мекен» деп атау қоюның да өзіндік мәні бар. Еліміздегі біртуар азаматтарды мәңгі ел есінде сақтау және оларға құрмет көрсету осындай тазалық мәдениетінен басталады,— дейді Тұран ауданы әкімдігінің Қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Әбілкәрім.
Шымкент қаласындағы киелі мекендер, саябақтар мен аллеялар, ескерткіштерді тазалау осы аптамен аяқталмайды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар дәстүрлі түрде жалғасады. Тұран ауданы әкімі аппаратының ұйымдастырумен болған «Абай» саябағының тазалық жұмыстарын жүргізуге барлығы 2 техника, 50 адам жұмылдырылды.
Осы апта Шымкент қаласында да республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығы қызу өтуде. Осыған орай қалада ескертіштер мен тарихи-мәдени орындар аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін Абай ауданының тұрғындары, кәсіпкерлер мен әлеуметтік мекемелер қызметкерлері – барлығы 250-ден астам адам Алтынтөбе тұрғын алабындағы мазарат аумағын тазалады. Мазараттың кіре беріс қақпасы аумағын тазалап, шөптерді орып, ағаштарды бұтап, қурағанын кесіп, түбін қопсытып, әктеп, сырлады.
Мазараттағы тазалық жұмыстарына 17 техника жұмылдырылып, 20 тонна қоқыс шығарылды.