Бес аптаға жоспарланған «Таза Қазақстан» республикалық акциясының бүгінде екінші аптасы жалғасуда. «Киелі мекен» науқанына бұл жолы қала мешіттері де қосылды. Бүгін қаламыздың бас мешітіндегі тазалық жұмыстарына имамдар, медресе шәкірттері, мешіт жамағаты ат салысты.
— Мемлекет басшысы бастаған «Таза Қазақстан» республикалық акциясын Шымкент қаласындағы мешіттер ұжымы да қолдап, аптасына 3 рет тазалық жұмыстарын өткізіп жатыр. Пайғамбарымыздың (оған Аллахтың игілігі мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы» деген сөзі бар. Сондықтан тазалықты ең бірінші өзімізден, отбасымыздан, тұратын үйімізден, ауламыздан бастауымыз керек. Айналамызда тазалық сақтау діннің жартысын орындағандай болып есептелінеді. Сондықтан барша қала тұрғындарын осы акцияға ат салысуға, жалпы өмірімізде тазалыққа ұмтылуға шақырамын,—деді қаланың бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.
Айта кетейік, бас имамының айтуы бойынша қаладағы 92 мешіттің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, бұл «Киелі мекен» апталығына орай ұйымдастырылған сауапты іс болды. Сонымен қатар, бүгін тазалық акциясына ақхалатты мамандар да жұмыла кірісті. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы «Киелі мекен» апталығын Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарының қызметкерлері жалғастыруда. Бұл жолы олар қолдарына медициналық құрал-жарақтар емес, тазалық жұмыстарына арналған заттарды алып шықты. Ақ халатты абзал жандар игі бастаманы қолдап, айналаны көркейту-көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосуда. Нақтырақ айтар болсақ, N2 қалалық аурухана қызметкерлері “Қасірет” мемориалы аумағына барып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Айналаны қоқыстан тазалады, сыпырды. Ал Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының қызметкерлері қаладағы Ж.Ташенов ескерткіш аумағында тазалау жұмыстары жүргізді. №4 емхана қызметкерлері Shymqala этно-тарихи кешенінің аумағындағы қоқыстарды тазартып, көгалға күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді. Ағаштардың түптерін әктеді, қураған ағаштардан тазартты. «Қазақ халқы бірінші байлық денсаулық деп денсаулықты күтуге қатты көңіл бөлгені белгілі. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы да тазалыққа қатысты екенін «тазалық – денсаулық кепілі» деген бір ауыз сөзбен көрсеткен. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек». — дейді, тазалыққа қатысқан медицина қызметкерлері.