Бұл туралы Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов 2023 жылдың 10 айында басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте айтты.
«Шымкент қаласының дамуы жолында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын өркендету міндеттеріне үлкен жауапкершілік жүктелген.
Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамуда,»-деді спикер.
Бүгінде Шымкент қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 3 247,6 шқ. құрайды. Жыл соңына дейін жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2% жеткізу мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
2023 жылы Басқарма тарапынан орталық магистрал және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу 245 нысанда жоспарланды. Оның бүгінгі таңда 209 нысанында жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар, орталық жол жамылғысы тозған магистралды 31,1 шақырымды құрайтын 15 көше орташа жөндеуден өтуде. Атап айтқанда, Уалиханов, Гагарин, Дулати, Қонаев, Тәуке хан, Қазыбек би, Желтоқсан, Назарбеков, Аймауытов, Қабанбай батыр, Анаров, Жансүгіров, Абай, Алпысбаев, Орынбаев көшелері.
Сонымен қатар, қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда.
Сонымен бірге, Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда. Қазіргі таңда, жұмыстар 93% орындалды. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру жылдың соңына жоспарланып отыр.
Ал, Өтегенов көшесінің жалғасын салу нысаны Шымсити шағын ауданынан Төлеметов көшесіне дейінгі аралықта, ұзындығы 2,2 шақырым жолға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, құрылыс нысанында жұмыстар 90% орындалды.
Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын Оңтүстік айналма жолының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.