Қазанның 26-27 аралығында Астана қаласындағы ҚазОРҒЗИ ұйымдастыруымен офлайн және онлайн форматта онкологтар мен радиологтардың IX съезді өтті. Іс шараға алыс-жақын шет елдердің және еліміздің 2 мыңнан астам тәжірибелі онколог мамандары қатысты.
Съезд барысында қатерлі ісік ауруларының профилактикасы және ерте диагностикасы, ядролық медицина, визуалды диагностика, онкохирургияның заманауи жетістіктері талқыланды.
Басқосуда Шымкент қалалық онкологиялық орталығының мамандары қатерлі ісікпен күрестегі тәжірибелерімен бөлісіп, тақырыптық баяндамалар жасады.
Айта кетсек, Шымкенттегі онкология орталығында жоғары технологиялық оталар жасалады. Аталған орталықта 2018 жылдан бастап заманауи эндовидеохирургиялық құрылғылырдың орнатылуымен науқастарға инвазивті емес жоғарғы технологиялық операциялар жасау күнделікті тәжірибеге енгізілуде.
Атап айтқанда, кеуде, іш қуысы органдарының қатерлі ісіктеріне жасалынатын кіші инвазивті операциялар саны жыл санап артуда. 2022 жылдың қорытындысы бойынша орталықта мұндай 115 күрделі операция жасалынған. Қазіргі таңда орталықтың хирургия бөлімшесі Шымкент қаласы бойынша кеуде қуысы патологияларына кіші инвазивті операциялар жасайтын жалғыз орталық.
Ал, 2021 жылдан бастап өңештің қатерлі ісіктеріне жасалынатын тораколапароскопиялық операциялар күнделікті тәжірибеге енгізілді. Осы уақытқа дейін мұндай күрделі операциялар республиканың жетекші ғылыми зерттеу институттарында ғана жасалынып келген болатын.
Айта кетейік, 2022 жылы онкологиялық орталықта заманауи бипланды Phillips AZURION-7 ангиографының орнатылуымен науқастрға жасалынатын эндоваскулярлы операциялар саны артуда. Қазіргі таңда бұл құрылғының көмегімен бауыр, бас мойын, жамбас қуысы ісіктеріне шалдыққан науқастарға түрлі деңгейдегі күрделі эндоваскулярлы оталар жүргізілуде. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 356 науқасқа эндоваскулярлы операциялар жасалынды. Соңғы 4 жылда мұндай күрделі операциялар онкологиялық дертке шалдыққан 1800 науқасқа жасалды.Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап сүт безінің қатерлі ісіктеріне шалдыққан науқастарға күрделі рекнструктивті-пластикалық операциялар жасалуда. Мұндай операциялардың көмегімен науқастың өмір сапасын жақсартып, психологиялық реабилитациядан өту уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Мұндай күрделі, инвазивті емес операциялардың тәжірибеге көптеп енгізілуі науқастарды ерте сауықтыруға және операциядан кейінгі асқыныстар санын азайтып, нәтижесінде жүргізілген емдеу әдістерінің тиімділігін арттырары сөзсіз.