Шымкент қаласында инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Себебі күн сайын, ай сайын, жыл сайын жүздеген адамдар іссапармен және демалысын өткізу үшін мегаполиске келеді. Әр адам көліктен түсіп, аялдамаға жеткенде, қоғамдық көлікке мінгенде, балабақшаға немесе мектепке барар жолда, демалыс нысандарын аралағанда қалалық ортаның қаншалықты жайлы, қауіпсіз екеніне көз жеткізеді. Егер де қалаға келген әр адамға бір жайсыздық, қолайсыздық сезілетін болса, ол оның көңіл-күйіне жағымсыз әсер ететіні сөзсіз. Сол себептен қала басшылығы абаттандыру, қалада жайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Осы орайда Шымкент қаласының Қайнарбұлақ шағын ауданын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқын алған. Шымкент қаласының әкімдігі аталған шағын ауданға барып, жалпы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Қайнарбұлақ шағынауданын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқын алған, десек те бірқатары келесі жылға өтпелі. 60 750-ге жуық тұрғыны бар Қайнарбұлақта қазір 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су құбырлары тартылуда. Әзірге 50 шақырымы біткен. Табиғи газбен қамту жұмыстары екі секторға бөліп жүргізілуде. Жаңақұрылыс тұрғын алабында ұзындығы 233,4 шқ болатын газ жүйелері тартылуда. Саяжай алабында газ жүйелерінің ұзындығы: 206,7 шқ. Екі сектордағы құрылыс жұмыстарды келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар электр жүйесімен қамтудағы жұмыстар 2023 жылдың ІІІ-тоқсанында аяқталмақ. Жалпы электр жүйелерінің ұзындығы 68,6 шқ. құраса, осы кезге дейін жұмыстың 40%-ы орындалды. Шаһарда қазіргі таңда электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елдімекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елдімекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Ауыз су құбырлары жүйесін орнату жұмыстары 11%-ға орындалған. Нысан 2023 жылы аяқталмақ. Аталған елдімекендерді табиғи газбен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. 2020 жылы Центральная көшесі, 2022 жылы Степная, Бөлешов, №125 мектеп көшелері жарықтандырылды. Ал 2023 жылы Дружба, Фабричная, Металлург, Заводская, Құрасбеков, Шанин, Жаңақұрылыс көшелері жарықтандырылатын болады. Нысандарды тексеріп шыққан қала басшысы мердігерлер мен тиісті сала басшыларына жұмыстардың мерзімдік және сапалық міндеттемелерге мұқият болуды тапсырды.