Бүгін, Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің бастамасымен «Достық үйі» ғимаратында «Корей этносының мәдениеті күні» іс-шарасы өтті.
Мерекелік іс-шараға қалалық ҚХА мүшелері, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан өңірлерінен келген корей этникалық қауымдастығының өкілдері, қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, қалалық «Арофат» мектеп-гимназиясының ұжымы, қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік іс-шарада корей этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылып, корей этноқауымдастығының өкілдері әзірлеген деректі фильм көрсетілді.
Шымкент қаласының қоғамдық – саяси дамуында жарқын із қалдырған корей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелеріне Алғыс хаты табысталды.
Былтыр, корейлердің Қазақстан жеріне күштеп қоныс аударғанына 85 жыл толып отыр. Зұлмат жылдары корейлердің 8 мыңға жуық отбасын оңтүстік өлкесі қабылдады. 85-жылдық кезең ішінде корейлер қауымдастығы Қазақстанның ғылымы мен білімінде, мәдениетінде, өнері мен әдебиетінде, денсаулық сақтау жүйесінде, спорт саласында жарқын із қалдырды. Шымкент қаласындағы корейлер қауымдастығының белді өкілдері қаламыздың сәулетін арттыруға, білімін көтеруге, ғылымын қалыптастыруға, мәдениеті мен өнерін ілгерілетуге, тұрғындардың денсаулығын сақтауға, спортта алдыңғы орыннан көрінуіне қызмет етуде
Осыдан 34 жыл бұрын қаламызда корей этномәдени бірлестігі құрылып, оңтүстік өлкедегі 50 мыңға жуық корей этносы өкілдерінің басын біріктірді. Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак қауымдастық өкілдері еліміздің дамуына бар күш-жігерін салып жатқанын айта келе, қазақ халқына алғысын жеткізді.
Мерекелік жиында еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуына, ішкі тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан қауымдастық өкілдері Шымкент қаласы әкімінің, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының Алғыс хатымен марапатталған еді.
Іс-шарада корей этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды.