Шымкентте ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Бүгінгі медиа: Біліктілік және қоғаммен байланыс» атты 3 күнге созылған семинар-тренинг бүгін өз мәресіне жетті.
Белгілі журналистер, баспасөз хатшылары мен блогерлер қолына қалам ұстаған жас буынға ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарда жалпы журналистиканы дамыту жолындағы бағыт-бағдар, қоғаммен байланыс және баспа басылымындағы трансформация сөз болды.
Журналист ақпарат тарып қана қоймай, қоғамның қозғаушы күшіне айнала алады. Сол үшін де қызығы мен қиындығы мол сала өкілдерінің таным көкжиегі кең болса, қоғамға тигізер пайдасы мол болмақ.
Өзім көптеген жылдар бойы БАҚ саласының қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедім. Журналистерге деген құрметім де ерекше. Бүгін осы іс-шараны пайдалана отырып, биыл мерейлі жасқа толған Ғани Қалмахан, Ерсұлтан Әмірбек және Әділ Әбдірамановты құттықтап, арнайы сый-құрметімді көрсеттім.
«Бүгінгі медиа: біліктілік және қоғаммен байланыс» тақырыбында өткен семинарға елімізге белгілі журналистер, баспасөз хатшылары, баспа және телевизия саласындағы тәжірибелі мамандар мен жас журналистер қатысты. Сонымен қатар, басқосуға Түркістан, Жамбыл облыстарында журналистика саласында еңбек етіп жүрген мамандар да шақырылды.
Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – жас журналистердің біліктілігін арттыру, қоғаммен байланыс орнатудың тиімді жолдарын көрсету,- деп атап өтті шараны ұйымдастырушы журналист Бейсенкүл Нарымбетова.
«Бүгінгі қазақ баспасөзі: Ұлттың идея және тіл тазалығы» жайында белгілі журналист Ғалымжан Елшібай, «Заманауи коммуникация құралдарының дамуы және оның дәстүрлі БАҚ- қа ықпалы» тақырыбында спикер Данияр Алан баяндама жасаса, Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Сүлейменова қоғаммен байланыстағы тәжірибесімен бөлісті.
Бүгінгі таңда қазақ журналистикасында тіл тазалығы мәселесі жиі айтылады. Бұл бойынша Шымкент қалалық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі, тіл жанашыры Қабыл Дүйсенби өз ойымен бөлісті. Іс-шара аясында білікті БАҚ өкілдері жас журналистерге теориялық және практикалық тұрғыда шеберлік сабақтарын өтіп, диалог алаңында еркін пікір алмасты. Сонымен бірге түрлі ойындар ұйымдастырылып, жас журналистердің тапқырылығы мен ұшқырлығы да сынға түсті.
Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы контентпен қамтамасыз етуде мұндай семинарлардың жас журналистерге берері мол деп айта аламыз.