Бүгін Шымкент қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғабит Сыздықбеков этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті. Қала басшысы «Достық» үйі алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін көріп, «Бірлік» алаңы мен этномұражай қызметімен танысты.
Қалалық ассамблея маңайына топтасқан этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен жүздескен қала әкімі бүгінде Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отырған құрылымға айналғанын айтты.
– Бүгін өздеріңізбен кездесу үшін арнайы келіп отырмын. Мұндағы мақсат – алдағы уақытта қала аумағында мемлекеттік этносаясатты Сіздермен бірге нәтижелі іске асыру, қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған жобаларға Ассамблеяны тарту және қаланы дамыту бағытындағы жұмыстарға этномәдени бірлестіктердің әлеуетін жұмылдыру. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Ассамблея атқаратын бес басымдықты нақтылап, соның аясында жүйелі жұмыс істеуді тапсырды. Біз өз кезегінде белгіленген міндеттерді сапалы атқаруымыз қажет, – деді қалалық ҚХА төрағасы Ғабит Сыздықбеков.
Кездесуде Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак, қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романова сөз сөйлеп, қала аумағында мемлекеттік этносаясат аясында атқарылатын жұмыстар мен жобалар жайында ұсыныстарын айтты.
Қалалық ассамблея мүшелерінің ой-пікірлерін тыңдаған қала әкімі этнос көшбасшыларын Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды жұмыла атқаруды тапсырды.