13 қазан күні Шымкент қаласында Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу мақсатында Республикалық білім беру ұйымдарындағы «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асырылуы туралы семинар өткізілді. Семинарда Оқу- ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің директоры М.А. Медетбекова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының директоры А.Ш.Танирбергенова, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Ж.Асылов, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Н.А.Шамшиева, Шымкент қаласының прокурорының аға көмекшісі К.Т.Калдыбаевтар бағдарлама бойынша баяндама жасады.
Семинарға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарының бірінші басшылары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қамқоршылық кеңесінің және ата- аналар комитетінің төрағалары, сынып жетекшілері, «Өрлеу» институты басшылары, жалпы саны 1290, сонымен қатар ZOOM платформасы арқылы 500 маман қатысты.
Семинарда тәрбиеге қатысты жоспарлар қызу талқыланып, Астана қаласынан арнайы келген мамандармен пікір алмасып, ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында белсенді жастардан Республикалық шығармашылық топқа мықты команда жасақталды.
Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Міне, сондықтан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Тәрбие мазмұнын айқындауда әзірленген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» туралы Сауран ауданы, Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің тәрбие орынбасары Қуаныш Нышанбаев ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, ел бірегейлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға білімді, адал ұрпақты тәрбиелеуді көздейтініне тоқталды. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек. Кездесу оқыту семинар соңында сұрақ-жауап, пікір алмасу мен талқылау болды. Бағдарламамен мектеп қабырғасында шығармашылық топтармен талқылау жүргізу ұсынылды.
Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу–барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз–жасұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы.
Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақ елінің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі.
Тәрбие мен оқыту өзара тығыз байланысты, бір бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білімберу мазмұны арқылы жүзеге асады.