Шымкент қаласының әуежайында көркем гимнастикадан ХІХ жазғы Азия ойындарының жүлдегерлерін салтанатты күтіп алу рәсімі өтті. Қала спортшылары Эльжана Таниева мен Милана Парфилова командалық есепте күміс, жекелей сында 1 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алған-тын.
Іс-шарада Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Имашев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Шоқан Әбдіхалықов спортшыларды жүлдесімен құттықтап, алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тіледі.
Көркем гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова шәкірттері бұл жолы тарихи жеңіске қол жеткізгенін атап өтті.
– Шымкент қаласының көркем гимнасшылары кезекті Азия ойындарында сенімді ақтап, жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, жергілікті спортшылар жекелей сында екі жүлде алды. Бұл — тарихи жетістік. Алда Олимпиада ойындарына жолдама алуымыз қажет. Енді сол жарысқа дайындаламыз, – деді Әлия Мақсұтқызы.
Көркем гимнастикадан жеке жаттығу сайысында Эльжана Таниева күміс, Милана Парфилова қола жүлде иеленді. Жерлестеріміз командалық көпсайыс бәсекесінде екінші орын алды.
Шымкент қаласының көркем гимнастикадан Азия ойындарында жеңісті дәстүрі бар. Өткен Азия ойындарында Алина Әділханова алтын жүлдеге қол жеткізген болатын.
Айта кетсек, жеңіл атлетикадан ХІХ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Кобловты Шымкент темір жол вокзалынан жерлестері күтіп алды. Іс-шараға спорт мектебі басшылары, спорт жанкүйерлері қатысты.
Д.Коблов 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында 3-ші орын алған болатын. Биыл Ханчжоуда өткен бәсекеде де командалық сайыста (эстафета микс) қола жүлдегер атанды.
Қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Шоқан Әбдіхалықов жүлдегер спортшыны құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.
Іс-шарада Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Коблов мұнымен тоқтамайтынын, келесі Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалатынын атап өтті.
Айта кетсек, Д.Коблов халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2016 және 2020 Олимпиада ойындарының қатысушысы.