Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүгедектігі бар азаматтардың күні болып белгіленген. Бүгінде Шымкент қаласында 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның ішінде 8 мыңға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар.
Оларды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын жақсарту қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басты міндеттерінің бірі саналады.
«Бәріміз бірдейміз — ажырамас іргеміз» атты мерекелік іс-шараны ұйымдастырушы «Тең қоғам » әлеуметтік қолдау орталығында ерекше жандарға үздіксіз көмек көрсетіліп, бағыт — бағдар беріледі.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері әлеуметтік портал арқылы түскен өтініштерге сәйкес 28 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен және мүгедектерге арналған қол арба құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметі, шипажайларға тегін жолдамалармен қамтылды. Сондай-ақ мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» көліктеріне 625 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде.
Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында да мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілген.
Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделе алады және олар тиісті еңбекақы мен әлеуметтік аударымдармен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндіктері артуда. Мәселен, қолданба арқылы азаматтар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақытылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы.Бүгінде қала бойынша 18 жастан асқан 33 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4115-і бірінші топ, 15 411 және 13351 азамат екінші және үшінші топ мүгедектері. Еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту мақсатында қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді. Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 1727 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1300-ден астам адам қамтылды. Сонымен қатар, қалада 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды.
Қала әкімінің қаулысына сәйкес, биыл бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы орта құру үшін жұмыстар жүргізілді. Мәселен, шымкент қалалық Еңбекші ауданы аумағындағы 28 әлеуметтік нысанға қолайлы орта құру туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бұрыштар, таңба-белгілер, пандустар орнату туралы кеңінен айтылды. Жалпы стандартқа сәйкес пандустың ені 100 см, көлбеу бұрышы 6 градустан аспауы керек. Биіктігі 70 немесе 95 сантиметрлік екі деңгейлі тұтқасы болуы шарт. Жолдың ашық баспалдаққа немесе пандусқа қосылатын жердегі алаң аумағы 160х160 сантиметр, ішке кіретін есіктің ені 90 см кем болмағаны жөн. Едені тайғанамайтын материалдан жасалуы қажет.