«Ерлік» музейінде «Еңбек етсең ерінбей» тақырыбында ұстаздар күніне орай іс-шара болып өтті. Аталған іс-шараның мақсаты: Жас ұрпақты, үлкенді құрметтеуге, сыйлауға, ұстаз еңбегін бағалай білуге үйрету. Кешегі өткен күн, бүгіні тарих болып қалады. Кешегі сұрапыл соғыста, қан майданның алдынғы шебінде ерлермен бірдей жүрген қазақ аруларының ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Сұлулық пен батырлықтың үлгісіндей болған қазақ аруларының ерлігі жастардың бойына сіңіру.
«Ерлік» музейі 2012 жылы ашылған болатын. Музейдің негізгі бағыты, өсіп келе жатқан жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады.
Музей қоры кешегі өткен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ержүрек батырларымыз туралы, Оңтүстік өңірімізден майданға аттанған 52 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны туралы сыр шертеді. Соғыс кезінде тылда еңбек еткен аталарымыз бен апаларымызға, бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің еңбегіне арналады.
Одан кейін де бүкіл әлем бейбіт өмір сүріп жатқанда сұрқия саясаттың кесірінен 22 мыңға жуық жерлестеріміз Ауғаныстан жерінде интернационалдық борышын өтегені белгілі. Музейдегі бірқатар экспонаттар мен композициялар ауған даласынан елге оралмаған боздақтарымызға арналады.
Музейде 2020 жылы «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ-нің Шымкент қалалық филиалының «Желтоқсан ақиқаты» бұрышы да ашылған. Бұрыш Желтоқсан қаһармандары туралы сыр шертеді. Ал, 2021 жылы «Семей сынақ ядролық полигоны» РҚБ-нің Шымкент қалалық филиалының бұрышы ашылды.
Кеше ғана ҚР «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің Республикалық Одағы» РҚБ-нің «Ерлік ұмытылмайды» атты бұрышының ашылуына куә болдық.
Жалпы бағытымыз, өсіп келе жатқан жастарымызға, Отанымызды сүюге ерлік көрсеткен батырлардың бойындағы ержүректілік, Отан сүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерін дәріптеу. Отанын, елін қорғай білуге жастарды тәрбиелеу болып табылады.
Бейбіт өміріміз бен біртұтас елдігіміз – аға ұрпақ өкілдерінің жанқияр ерлігі мен еңбегінің, қайсар рухының жемісі. Сондықтан да олардың ерлік істерін мақтаныш етіп, бастаған істерін алға сүйреуге міндеттіміз.
Бүгінгі таңда Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!
Іс-шараға келген қонақтардың қатарында еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері және ұлағатты ұстаздар болды.
Ардагерлер мен ұлағатты ұстаздар жастарға өмірлік тәжірибелері мен өнегелерін сөзбен жеткізсе, жастар мен «Жас Ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері құрметті ұстаздарға әннен шашу шашты. 35748 әскери бөлімінің үрмелі аспаптар оркестрі қазақтың халық әндерінен попурри орындап берді. Ардагерлер ұстаздарды төс белгімен, Алғыс хатпен марапаттады. Ұстаздар музей экспозициясымен танысып, тамаша көңіл күймен тарқасты.
Шымкент қалалық саяси- қуғын сүргін құрбандары музейінің «Ерлік» бөлімінің меңгерушісі Жақсыбекова Гулзинат Сейілханқызы іс-шараны қорытындылап, қонақтарға жақсылық пен амандық тіледі.
Айгүл БЕРДІҚҰЛОВА,
«Ерлік» музейінің кіші ғылыми қызметкері