Сенсациялық жаңалық! Қазақстанда алғаш рет Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг атындағы климаттық орталық ашылды. Экономикалық маңызы бар жоба М. Әуезов атындағы ОҚУ ғимаратында жергілікті ғалымдармен бірігіп, жұмыс істейтін болады. Бүгін білім ордасында аталмыш ғылыми орталықтың лентасы қиылды. Шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан арнайы қатысты.
Алдымен, РАЕ Квон Чунг туралы бірер сөз. Шетелдік сарапшы «Жаһандық энергия» сыйлығын беру жөніндегі Халықаралық комитеттің мүшесі. Жасыл өсудің, яғни баламалы энергияның жақтаушысы. Оның климаттық өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топтың жұмысына қосқан үлесі 2007 жылы Нобель сыйлығымен марапатталды. Инчхон Ұлттық Университетінің профессоры, «Жақсы болашақ үшін» Қорының басқарма мүшесі.
Рае Квон Чунг атындағы жаңа климаттық орталықтың ашылуы — ел үшін елеулі оқиғаның бірі. Өйткені, қазір дүбір дүние ғалымдарын алаңдатып отырған бір мәселе бар. Ол-энергия көздерін үнемдеу. Экономикалық дамудың жаңа модельін енгізуде университет басшысы Дария Пернешқызы көп жұмыс атқарды. Мақсат-міндеттерін бекітті. Соның бірі де, бірегейі осы орталықты ашу болатын.
Экономика дамымай, мемлекет байымайды. Алайда, біздің алдымызда экономиканы экологияға зиянын тигізбей өркендету міндеті тұр. Осылай деген қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы шетелдік ғалымның шымкенттік білім ордасын таңдағанына алғысын жеткізді.
Бүгінде білім ордасында 20 мыңнан астам шәкірт тәлім алып жүр. Соның екі мыңы-магистрант, 1200-і – PHD докторанты. Ал бұл орталық — оңтүстік өңірдің экономикасындағы өсу нүтесі болмақ. Бұдан былай, жергілікті ғалымдар, кореялық профессорлармен бірігіп, өзара іс-қимыл жасайды. Шетелдік ұйымдар тарапынан гранттық қаржыландырулар тарату да жоспарда бар. Осы арқылы оқу материалдары әзірленетін болады. Шара соңында Рае Квон Чунг университет ұжымына дәріс оқыды.