Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы халықпен кездесулер жалғасуда. «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының мүшелері Бадам тұрғын алабының тұрғындарымен жүздесті.
№97 мектепте өткен жиынға білім ошағының ұжымы мен жергілікті тұрғындар қатысты. Президент Жолдауында берілген тапсырмалардың еңбек адамына тиер игілігі сөз болды.
Сондай-ақ, Еңбекші аудандық «AMANAT» партиясы филиалының мүшелері жаңа саяси тұғырнаманы қала тұрғындарына таныстырып жүр. Бұл құжатты әзірлеу «Халық үніне құлақ асатын партия» форматында жүргізілді дейді партия өкілдері. Жиында жаңа құжатты дайындау барысында қоғамдағы өзекті мәселелер сараланып, арнайы жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері негізге алынғанын жеткізді. Пікір алмасу барысында ұстаздар қауымы еліміздің өркендеген мемлекетті қалыптастыру жолындағы әрбір азамат өзінің лайықты үлесін қосуы керектігін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік тақырыптарға баса назар аударды. Мысалы, бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы аналарға төленетін жәрдемақы мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылып отыр. Ал әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылды. Бұған қоса сәбилерді балабақшамен қамту 100 пайызға жеткізілмек, – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлжайна Жартыбекова.
Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың денсаулығын нығайтуға, білім саласын дамыту, жастарға, кәсіпкерлерге қолдауды күшейту қажеттігіне баса назар аударылғаны түсіндірілді. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсартуға көзделген негізгі шаралардың маңыздылығы айтылды.
Айта кетсек, жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыруда «Аманат» партиясы белсене қатысып, мемлекет басшысының реформаларын жүйелі түсіндіру жұмысына білек сыбана кіріскен. Бүгінде жолдау жайында сан алуан дөңгелек үстел мен насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.