Спорт. Бір ғана сөз, бірақ оның мағынасы қандай! Спортпен шұғылдану – адамның физикалық дамуында берілген нәтижеге жетуге бағытталған адам қызметінің белгілі бір түрі.
Спорт дене шынықтырудың құрамдас бөлігі болып табылады, онда басты назар адамның физикалық дамуына, оның денсаулығы мен әл-ауқатын нығайтуға бағытталған. Кәсіби спорт — бұл спортшылардың физикалық белсенділікте белгілі бір нәтижеге жетуге, жеңіске жетуге және жаңа спорттық рекордтарға жетуге бағытталған бөлігі. Спорттық жарыстар, оның ішінде Олимпиадалар, чемпионаттар және турнирлер үздік спортшыларды шығарады. Әрине, әрбір спортшының арманы – Ежелгі Грекиядан бастау алған, кейіннен әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушыларды жинаған әлемдегі ең ірі жарыс – Олимпиада ойындарында жеңіске жету. Жыл өткен сайын байрақты бәсекеде бақ сынау кең үрдіс алды. Тек қана Олимпиада ойындары ғана емес, салауатты өмір салтын жер шары бойынша қолдау тауып түрлі бәсекелік спорттық ойындар ұйымдастырылып жатты. Жеңімпаз болып табылған спортшылар өз елінің мәртебесін асқақтатты.
Сондықтан да спорттық шаралар өмірімізге тереңінен енді. Ғасырдан ғасырға, жылдан жылға спорттық ойындардың түрлері де спортпен шұғылданатын адамдардың да қатары артты. Әлемдік деңгейдегі мұндай үрдістен Шымкент қаласының бұқарасы мен кәсіби спортшылары тыс қалмады.
Жалпы қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 402 544 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 36,2 пайызын құрайды.
Шымкент қаласында бүгінде 34 спорттық ұйым жұмыс жасайды. Оның ішінде 29 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі болса, 5-уі мемлекеттік жекешелік-әріптестігі аясында өз жұмыстарын жүргізуде. Осы спорт мекемелерінде 17 944 спортшымен штаттағы 925 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Аталған мекемелерде спорттың 71 түрі дамытылады: 38 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері.
Қаладағы спорттық инфрақұрылым мәселесі Бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Қазіргі уақытта қала бойынша спорттық нысандар саны 933-ке жетті.Ағымдағы жылы бюджет есебінен қаламызда 3 спорт нысанының және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы Шымкентте қазіргі таңға 7 стадион бар. Жарты ғасырға жуық тарихы бар Металлургтер стадионы жаңа кейіпке енбек. Өткен ғасырдың 50-шы жылдары салынған спорттық нысан осы кезге дейін жөндеу көрмеген, қазір қайта жаңғыруда. Олардың барлығы біртіндеп күрделі және ағымдағы жөндеуден өтуде. Құрылыс барысын шаһар басшысы М.Әйтенов арнайы барып, жұмыстардың орындалу барысын тексерді.
Жоба бойынша мұнда әкімшілік-тұрмыстық корпус (АБК), спорт залдар, асхана, командалық ойындарға арналған спортзалдар, 62 орынға арналған спортшылар үйі, 1504 орынға арналған трибуна, командалық киім ауыстыру бөлмесі, спорттық тренажерлер алаңшасы, ойындар алаңшасы, кешенде қолданылатын спорттық табло, сумен жабдықтау сорғысы, кәріз сорғы бекеті салынуда.
Аумағы 3 га аса жерді қамтитын нысанның құрылысы 2020 жылы басталған, 2023 жылға өтпелі. Қазіргі уақытта, спортшылар үйінің құрылысы 100 % аяқталды. Ал ойын түрлеріне арналған үлкен спорт залдың қаңқасы (конструкциясы) тұрғызылып, қабырғаларын қалау жұмыстары жүргізілуде (50 %). Әкімшілік ғимараттың құрылыс жұмыстары 90 %-ға орындалып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Футбол алаңының жер жұмыстары (дренаж жұмыстары-70%) орындалды. Жылу жүйесін тарту жұмыстары 50%-ға орындалды. 2020 жылдың наурызында басталған, бүгінге дейін біршама жұмыстар атқарылды. Стадион құрылысы келесі жылға өтпелі.