“TEN QOGAM” әлеуметтік қолдау орталығы “Мүгедектігі бар азаматтар” күніне орай “Құштарлықпен әрбір көңіл нұрлансын” атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Мүгедектігі бар жандарға жанашырлық танытып, аялы алақан мен жүрек жылуын ұсыну – қоғамдағы әр бір жанның азаматтық парызы. Мерекелік шарада қаламыздың өнерпаздары мен мүгедектігі бар азаматтар өз өнерлерін ортаға салып, концеттік бағдарлама қонақтарына жоғары көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 38 775 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оларға қолайлы жағдай жасау, жайлы орта құру, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету үшін мемлекет тарапынан түрлі шаралар қолға алынып келеді. Мәселен, жыл басынан «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы 7805 мүгедектігі бар азаматтарға ақпараттық–консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек көрсеткен.
Бүгінде мүгедектік тобы бар ересектер мен балалар үшін тегін санаторлы-курорттық ем алу қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар бұл үшін өтінішті екі тәсілмен бере алады. Бірі онлайн екіншісі ХҚО бару арқылы іске асады.
Қызметті ХҚО арқылы рәсімдеу үшін өтініш берушінің өзімен бірге жеке куәлігі, мүгедектігін растайтын құжаттар, жеке оңалту бағдарламасы әзірленген іс-шаралар туралы жазба көшірмесі, егер заңды өкілі жүгінген болса, мүгедектігі бар азаматтан сенімхат тапсырылуы қажет.
Қызмет көрсету уақыты құжат тапсырған күнді есепке алмағанда – 10 жұмыс күні. Мүгедек азаматқа санаторлық-курорттық емдеу медициналық ұйымның шешімімен тағайындалады. Жыл басынан бері Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталықтары санаторлық-курорттық емделуге жолдама алуға 6000-нан астам өтініш қабылдаған.