Шымкентте оқушылар арасында ерекше сайыс өтті. Бүкіл әлемдік туризм күні аясында қаламыздың мектеп оқушыларының арасында байқау ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты жасөспірімдерді азаматтық пен отаншылдық сезімдеріне тәрбиелеу, экспедициялық жасақтардың туристік қызметін жандандыру болып табылады.
Айта кетейік, Қазақстан туризм күнін 1993 жылдан бері тойлап келеді. Сол жылы еліміз Халықаралық туризм агенттігінің құрамына да кірген болатын. Осы жыл аралығында еліміз туризм саласында көшін түзеп үлгерді. Ауқымды шараға 100- ден астам бала қатысты. Олар 16 команда жасақтап, байқау шарты бойынша төрт кезең бойынша өзара бақ сынасты. Үш күн бойына жалауын желбіреткен сайыс балалар жылына орайластырып, күнтүзбелік жұмыс жоспарына сай өткізілді.
Сайысқа қатысқан мектептер бір-бірінен ерекшеленуге тырысты. Бірі ән айтып, енді біреуі би билеп таңқалдырса кейбіреулері топтасып, өнер көрсетті. Солардың бірі 97 мектептен келген «Эко бадам» командасы. Олардың байрағында экологиялық мәселе айқын көрініс берген. Команда мүшесі Нұрсұлтан Махметәлі бұл сайысқа үшінші рет қатысқанын айтып, алдағы уақытта жеңіс тұғырынан көрінуге ниетті екенін мәлімдеді.
Төрешілер құрамы сайысқа қатысқан командалардың туристік-спорттық бейімділігі мен ептіліктерін саралап,жеңімпаз командалар анықталды. Оларға 1,2,3 дәрежедегі дипломдар мен қосымша сыйлықтармен марапатталды.
Айта өтсек, елімізде «eQonaq» – туристерді есепке алуға, туристік ағынды талдауға және көші-қонды бақылауды жақсартуға арналған бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптасты. Жүйе ел ішіндегі туристік жұмыстар бойынша талдау жүргізуге жақсы әсерін береді. Сол арқылы қандай қонақ үйді және қай аймақты таңдайтынын білуге болады. Біздің Шымшаһардың қонақ үйлеріде осы жүйеге енгізілген.