1-қазан — Халықаралық қарттар күніне орай, тәртіп сақшылары ішкі істер органдарының ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, құрметке бөледі.
Шымкент ҚПД Қаратау ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері мерейлі мейрамда ардагер, отставкадағы милиция майоры Сапаралы Ниязовты да ұмыт қалдырмай, арнайы бұрылып алғыс хат және сый-таралғы табыстады. Кадр саясаты бөлімінің бастығы Бағлан Сайлаубайұлы бастап барған сақшылар зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өскелең ұрпақ жастарды тәрбиелеуде зор үлес қосып жүрген қарияға алғыстарын білдіріп, ақжарма ниет-тілектерін жеткізді.
Кездесу барысында қадірлі ардагер Сапаралы Ниязов өмірден озған қызметтес достарын, үзеңгілес әріптестерін ерекше еске алып, қызмет еткен жылдарының жарқын естеліктерімен бөлісті. Сөз соңында ардагер өзін осылайша арнайы іздеп келіп, өміржолын өнеге тұтқан тәртіп сақшыларына ақыл-кеңесін айтты.
– Бізді елеп, ескеріп, мейрамда құттықтап келгендеріңе, өз сый-сыяпаттарыңды ала келгендеріңе алғысымыз шексіз. Болашақ тәртіп сақшыларына біздің жолымызды берсін. Жұмыстарыңа сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Отбасыларыңда әрқашан қуаныш болып, елімізде өз ісіне адал сарбаздар көбейе берсін, – деп батасын беріп, шығарып салды.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында Шымкент ҚПД Қаратау ауданы Полиция басқармасының жеке құрамы ардагер, милиция подполковнигі Тұрғын Әбдиевтің үйіне арнайы барып, құттықтап қайтты. Дана халқымыз «Қариясы бар елдің — қазынасы бар» деген. Тәртіп сақшылары өз саласында зор жетістікпен қызмет атқарып, абыроймен зейнетке шыққан Тұрғын Әбдиевтің өнегелі өміржолы мен қажырлы еңбегін үлгі әрі өнеге деп біледі.
«Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім- тағылымдарыңыздың біз үшін — орны бөлек. Себебі, қоғамымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесіңіз бен еңбегіңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіз. Бүгінде еңбегіңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіз ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіз. Немере-шөбереңіздің қызығына тоймай, мерекеден мерекеге көз қуанышымыз болып аман-есен жете беріңіз!», — деп Қаратау АПБ Кадр саясаты бөлімінің бастығы Бағлан Сайлаубайұлы ыстық ықыласын жеткізді.