«Шымкент көрікті мекенім». Қалалық әзіл-сықақ және сатира театры ұжымының жаңа туындысы шаһарымызға арналып отыр. Кенжебай Ахметов пен Уалибек Абдраимовтың музыкалық — танымдық комедиясының тұсаукесері 4-5 қазан күндері өтеді деп жоспарланған.
Кең байтақ өлкеміздің батыс өңірінде дүниеге келіп, сол топырақтың құнарын бойына сіңіріп өскен өнерлі өреннің қазақи дәстүр-салттың қаймағы бұзылмай, ұлт мәдениетінің мәйегін сақтаған Шымкент жеріне білім жетілдіруге келгенде кездескен түрлі хикаялары комедия жанрында баяндалатын бұл уақиға кімді де болса бей-жай қалдырмасы анық. Туындының қоюшы режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Бекболат Құрманғожаев. Қойылымда әртістер әнде айтып, биді өнерін де көрсететін болады. Қазақ түгілі кез келген ұлттың ұл-қызын құшағына сыйдыра білген шырайлы Шымшаһардың қасиеті неде, оны Сіз осы қойылым арқылы сезетін боласыз!
Бүгінгі таңда театр репертуарында отандық туындылармен қатар, орыс, өзбек, қырғыз, ағылшын авторларының 50-ден астам қойылымдары бар. Театрда тек комедиялық емес, өзгеде жанрдағы спектакльдер ел назарына ұсынылады.
Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры еліміздегі жас өнер ордаларының бірі. Ол 2008 жылы 4 сәуірде құрылды. Театр ең алғаш С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» пьесасының желісімен жазылған У.Әбдірайымовтың «Ауылым – әнім» музыкалық қойылымымен шымылдығын түрді. Ал 2011 жылдың қараша айында театрға бұрынғы «Шымкент» кинотеатрының ғимараты берілді. Театр ұжымы түрлі фестивальдерге қатысып, жоғары жүлделі орындарды иеленіп келеді. Еске салсақ, 2012-2013 жылдары Шымкенттегі «Әлем әзілі»атты халықаралық І, ІІ-ші фестивалінде театр үздік нәтиже көрсетті. Бұл байқауда Ресей, Қытай, Жапония, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан сынды елдердің белді сатириктері бас қосты. Ал «Театр көктемі — 2011», «Театр көктемі — 2013», «Театр көктемі — 2014» фестивальдерінде де Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры түрлі марапаттарды иеленген.