Шымкент қалалық мемлекеттік архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы іске асуда. Аталған бағдарлама аясында мемлекеттік мекемеде арнайы «Ашық есік» күні өткізіліп, оқушылармен студенттерге тың мәліметтер берілді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің бастамасымен қолға алынған арнайы іс-шара еліміздің барлық өңірінде бір мезетте ұйымдастырылды.Іс-шара архив саласының имиджін көтеру, архивтің қоғамдағы рөлі, оның атқаратын қызметін жастарға кеңінен насихаттауды мақсат еткен.
Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа тарихты, салт-дәстүрді насихаттау және архив құжаттарымен таныстыру. Бағдарлама Балалар жылына арналып Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүргізіліп жатыр. Жоба барысында шамамен 9 мың оқушыны қамтитын 400-ден астам түрлі форматтағы іс-шара жоспарланған. Бұл күні мемлекеттік архивтердің есігі мектеп оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері үшін ашық болды.
«Ашық есік» күнінде «Архив – 2025» кешенді жоспарына сәйкес Шымкент қаласының тарихына қатысты Ресей, Өзбекстаннан әкелінген құнды құжаттар таныстырылды. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың доценті Гүлнар Жанысбекова Мәскеу қаласының 4 архив мекемесінде болып, қаламыздың тарихына қатысты құжаттарды зерттеп қайтқан-тын. Тарих ғылымдарының кандидаты қалалық №4 колледждің шәкірттеріне Шымкенттің XIX ғасырдың екінші жартысындағы тарихы туралы әңгімелеп берді.
Шымкент қаласының мемлекеттік архивінің құрылғанына биыл 30 жыл толды. Қазіргі таңда мекемеде 50-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Қалалық мемлекеттік архивтің басшысы Айпар Амангелдиеваның айтуынша, 30 жылдық мерейтойды атап өтуде іс-шаралар жоспары әзірленген.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл «Балалар жылы» деп белгіленді. Осыған байланысты елімізде тұңғыш рет «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы іске асты. Бүгінгі күні үшінші мегаполистің жасөспірімдері архив ісімен толық таныса алады. Еліміздің басынан қаншама тауқыметті жылдар өтті. Қазіргі тәуелсіз мемлекетімізді құру үшін ата-бабаларымыз өзін құрбан етті. Олардың еңбегі мен ерлігі ұмытылмауы керек. Олар жөніндегі ақпараттардың барлығы архивте сақталады және оны келешек ұрпақ білуі керек, дейді жауаптылар. Сондай-ақ, еліміздегі архив саласының жағдайы бұрынғыға қарағанда жақсарып келеді. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында архив саласында істейтін мамандардың жалақысын көтеру керектігін айтқан болатын. Жыл сайын архившілердің жалақы 20 пайызға өсіп жатыр.
«Мәдени мұра», «Архив 2025» жобалары бойынша Қазақстанның архившілері шетелдерден түрлі құжаттар легін, құнды жәдігерлерді, еш жерде жарияланбаған тың құжаттарды елімізге әкеліп жатыр. Мемлекеттік архивке жүктелетін міндет – сол жәдігерлерді қабылдап, ұлттық қорда сақтау. Қазіргі таңда сол жұмыстарды белсенді атқарып жатырмыз, дейді мамандар.
Қосымша ақпарат. Елімізде мемлекеттік сақтауда 26 млн бірлік құжаттық көздер бар. Оның ішінде саяси қуғын-сүргін, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық, жастар қозғалысының тарихы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуы туралы құжаттар бар. Аталған бірегей құжаттар фотоқұжаттық көрмелердің құрамына енгізіледі. Оларды пайдалана отырып дәрістер, мектеп сабақтары дайындалады. Қазақстанда барлығы 210-нан астам республикалық, облыстық және аудандық архивтер жұмыс істейді.