Қыркүйектің екінші жексенбісінде Қазақстанда Отбасы күні атап өтілді. Балалы отбасыларды қала бойынша әлеуметтік қолдау туралы Шымкент қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Досбол ТІЛЛАБЕКОВ айтып берді.
— Досбол Әлібекұлы, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру Қоры қандай рөл атқарады?
— Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау ата-аналардың жұмыспен қамтылуына байланысты мемлекеттік бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) қаражаты есебінен кешенді түрде көрсетіледі.
Бүгінде бала туған кезде ата — аналардың бірі еңбек қызметін жүзеге асыруына қарамастан, бюджеттен бала тууына мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері: бірінші, екінші, үшінші балаға — 38 АЕК, төртінші және одан да көп балаға-63 АЕК құрайды.
Сонымен қатар, жұмыс істемейтін аналар бюджеттен бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері туған баланың кезегіне байланысты болады.
Жұмыс істейтін әйелдерге келетін болсақ, олардың мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстанда 2008 жылдан бастап ана мен баланы әлеуметтік сақтандыру енгізілді.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс орнындағы әйелдерге жүктілігі және босануы бойынша демалыс беріледі. Мұндай демалысты ресімдегеннен кейін болашақ ана жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлем алуға өтініш береді.
Бұл төлемнің мөлшері өткен жылы әлеуметтік аударымдар түскен әйелдің орташа айлық табысына байланысты. Ағымдағы жылы біздің филиал бойынша аталған төлемді 7,3 миллиард теңге сомасына шамамен 11 мың әйел алды.
Бала туғаннан кейін ата-аналардың бірі МӘСҚ-дан бір жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемге жүгіне алады. Төлем мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы біздің филиал бойынша 639 миллион теңге сомасына шамамен 16 700 адам осындай төлем алды.
Осылайша, жұмыс істейтін ата-аналар жұмыссыздарға қарағанда әлеуметтік төлемдерді жоғары алады.
— Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында көптеген ата-аналар бала күтімі бойынша төлемдер кезеңінің бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғаюын қуана қабылдады. Осы төлем бойынша қандай өзгерістер күтіліп отырғанын толығырақ айтып берсеңіз.
— Ана болуды әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем тағайындау кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылады.
Бұл ретте МӘСҚ-тан төленетін төлем бала туғанға дейінгі соңғы 24 ай ішінде әлеуметтік аударымдар түскен адамдарға тағайындалатын болады. Талап етілетін өтілінің ең төменгі деңгейі — алты ай жоқ қатысушыларға ол бюджеттен бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы тағайындалатын болады.
Сондай-ақ, еңбек қызметі қайта басталған кезде әлеуметтік төлем тоқтамайды, керісінше ұқсас мемлекеттік жәрдемақы мөлшері деңгейінде жалғасады деп көзделеді.
— Президент Жолдауында отбасының цифрлық картасы туралы да айтылған.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап пилоттық режимде отбасының цифрлық картасын (КҚКО) енгізу басталды. Шын мәнінде, ХҚКО — бұл азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілді мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқықтары туралы олардың күн сайынғы «электрондық хабарлаушысы». Бұл да мемлекеттің қызмет көрсетуінің проактивті форматының жаңа құралы. Яғни мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгіну қажеттілігінсіз мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. Бұл аймақтың және тұтастай елдің әлеуметтік портретін қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік бюджет қаражатын және халықты әлеуметтік қорғау шараларын іске асыруға бағытталған МӘСҚ қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте халық ХҚКО арқылы дәстүрлі әдіспен төлем алуға өтініш бере алады.