Түркияның Конье қаласында өткен V Ислам ынтымақтастық ойындарының соңғы күні Қазақстан спортшылары 2 алтын және 4 қола жүлдені жеңіп алды.
68 килодан аса салмақта каратэші, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы Софья Берульцева мен кикбокстан 63,5 килода бағын сынаған Берік Ысқақов Ислам ойындарының чемпионы атанды.
Сонымен қатар кикбоксшыларымыз Нұрдәулет Қалшора (57 кг) мен Батырхан Қуандық (63,5 кг) пен Шара Хамзина Ислам ойындарының қола медалін иеленді.
Каратэден 61 килода сынға түскен Әсел Қанаева да Исламиаданың қола жүлдегері атанды. Бұл салмақта жеңімпаз өзбек қызы Зулхумор Тұрсыналиева. Екінші орынды түрік Гүлбахар Гезюток иеленді. Екінші қола жүлдені Вафа Манджуб (Тунис) алды.
Осылайша Қазақстан құрамасы бұл жолғы Ислам ойындарын 27 алтын, 23 күміс және 39 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бесінші орынмен қорытындылады.
Айта кетейік, Софья карате жаттығуын 6 жасында Шымкентте бастаған. 2016 жылы Джакартада және 2017 жылы Астанада өткен Азия чемпионаттарында 59 келіден астам салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. 2017 жылы Тенерифеде (Испания) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті. 2018 жылы Мадридте өткен әлем чемпионатында бірінші раундта жеңіліп қалды. 2019 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды. 2021 жылы 7 тамызда Токиода өткен жазғы Олимпиада-2020 ойындарында 61 келіден астам салмақ дәрежесінде бақ сынады. Топтық турнирде түрік спортшысы Мельтем Ходжаоглу Акйолмен бастапқы жекпе-жекте тең түсті, содан кейін Сильвия Семерароны (Италия), Ирина Зарецкаяны (Әзірбайжан) және Аюми Уэкусты (Жапония) жеңді. Топта екінші орыннан жартылай финалға шықты, онда ол мысырлық каратэші Ферял Абделазизден жеңіліп, 2020 жылғы Олимпиаданың қола медалін алды.